СҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған зейнеткер қайтадан мас күйде рөлге отырған
СҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған зейнеткер қайтадан мас күйде рөлге отырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында учаскелік полиция инспекторы тексеру мақсатымен SsangYong автокөлігін тоқтатқан. Полиция қызметкеріне көлікті басқарып келе жатқан 74 жастағы жергілікті тұрғын жақсы таныс. Ол биыл қаңтар айында мас күйінде көлік тізгіндегені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған. Тәртіп сақшысы қырағылық танытып, құқық бұзушылықтың жолын кесті. Көлік иесі бұрынғы әрекетінен сабақ алмай, сот шешімін елемеген. Әрі одан ішімдіктің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру оның қайтадан орташа масаң күйде көлік жүргізгендігін көрсетті.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
– Баптың санкциясы 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді, сондай-ақ заң бұзушы өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылады. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Заңнаманың талаптарын елемеудің мұндай фактілеріне мүлдем жол берілмеуі тиіс. Полиция қызметкерлері жол қозғалысының барлық қатысушыларына зор қауіп төндіретін мас күйде көлік жүргізу фактілерін анықтауға бағдарланған, – дейді аудандық ПБ бастығы Әлихан Байқадамов.
Жыл басынан облыс жолдарында көлік басқару құқығынан айырылған 10 мас жүргізуші ұсталды.