Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да мінсіз қызметі үшін 100-ден астам полицей марапатталды

7 мамыр – Отан қоғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы, жеке құрамы мен ардагерлер Ұлы Отан соғысында майданда болған милиционер-жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыстық полиция ғимаратының аумағында орналасқан обелискіге полицейлер гүл шоқтарын қойды. Бұдан бөлек, облыстық полиция департаментінде мерекелік күндерге орай салтанатты жиын өтті. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов жеке құрам мен ардагерлерді құттықтады.

– 7 мамыр және 9 мамыр мерекелерінің бір-бірімен тұспа-тұс келуі өте маңызды. Біздің облыстан бірнеше мыңдаған милиционер сұрапыл соғысқа қатысып, абыроймен Отан және халық алдындағы борышын өтеп, оралды. Жауды жеңуге ІІО қызметкерлері де зор үлес қосты. Олар ұрыстарға қатысты, қылмыспен күресті, қоғамдық тәртіпті қадағалады, – деді Айдын Қабдұлдинов.

Мерекелік жиында кезекті атақтар, медальдар, төсбелгілер, грамоталар, алғыс хаттар берілді. Мерекелік бұйрықта мінсіз қызмет атқарып, еңбегі еленген 100-ден астам қызметкер мен ардагерлер болды. Атаулы күнге орай облыстық полиция аппаратының бес басшысына аға басшылық құрамның шендері берілді. ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев, осы басқарманың бөлім бастығы Сейілхан Жұмағұлов, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжанов полиция полковнигі шендерін алды. Сондай-ақ тәжірибелі полиция қызметкерлері – жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Григорий Тыш және криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Елена Дементьева полковник шенін алды.

Салтанатты жиын ведомствоның үрмелі оркестрі мен мәдени орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концертпен аяқталды.

Демалыс және мереке күндері полицияның барлық жеке құрамы өңір тұрғындары мен қонақтарының тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, дәстүрге сай күшейтілген түрде қызмет атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру