СҚО-да онлайн несиемен байланысты алаяқтықты тіркеуде
СҚО-да онлайн несиемен байланысты алаяқтықты тіркеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айының басынан 30 жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді, оның сегізінде алаяқтар өздерін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріміз деп таныстырған.
Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы Жандос Мұқатовтың айтуынша, интернет алаяқтар өздерінің сценарийлерін жиі қолданады, олар банк қызметкерімін деп таныстырып, “қаскөйлерден” қорғануды алға тартады. Алаяқтар телефон арқылы өз құрбандарына белгісіз адамның оның атына несие ресімдемекші және келеңсіздікке тап болмау үшін ол несиені тезірек алып, оны “резервтегі банк ұяшығына” ауыстыру қажет деп түсіндіреді. Адамдар сеніп, несие алады және шын мәнінде қаскөйлердің реквизиттері болып табылатын виртуалды картаға жіберіп жатады. Аталған сценарий бойынша соңғы эпизодтардың бірінде жәбірленушіге келтірілген шығын 2 млн. теңгеге жуық соманы құраған. Қазіргі таңда белгісіз қылмыскерлерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
– Қала мен облыс тұрғындарынан телефон арқылы банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп таныстырған адамдарға сенбеуді сұраймыз. Мұндай жағдайда шұғыл банктің call-орталығына және полицияға хабарлау қажет. Бөгде адамдарға жеке деректеріңізді тапсырмауға, сондай-ақ қандай да бір жағдай болмасын желіде қаржы операцияларын жасауға асықпауға; әр қадамыңызды ойланып, қайта-қайта тексеруге кеңес береміз, – дейді Жандос Мұқатов.