Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер мал ұрлығының бетін ашты

СҚО-да полицейлер мал ұрлығының бетін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

24 қарашада Жамбыл ауданының полиция бөліміне Баян ауылында жасалған мал ұрлығы фактісі туралы арыз келіп түсті. Түнде белгісіз қылмыскер аулалардың біріндегі қораға кіріп, 4 бас қойды ұрлаған. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Боран іздің бетін жасырғанымен, полицейлер оқиға орнынан шана табанының ізін анықтаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер Архангелка ауылының 35 жастағы тұрғынының қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін екенін анықтады. Ұрланған қойлар орманнан табылды. Сол жерде үй маңындағы ізі қалған шана да болды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы 3-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Баптың санкциясына сәйкес күдікті 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жануарлар заңды иесіне қайтарылды.

Полицейлер айтып өткендей, еркін жайылым үшін жауапкершілік енгізу нәтижесінде мал ұрыларының мүмкіншіліктері азайған. Бұдан бөлек, осы қылмыс түрінің жасалуына жағдай жасайтын себептерді жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 7-10 желтоқсан аралығында Солтүстік Қазақстан облысында “Мал ұрысы” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

– Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторларынан құралған мобильдік топтар құрылды. Рейдтік іс-шараларға ветеринария қызметкерлері де жұмылдырылуда. Іс-шараның бірінші күнінде мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын 84 автокөлік, мал мен ет сататын 29 орын тексерілді. Бұдан бөлек, шаруа қожалықтары, фермалар мен даладағы мал қамау орындары да назарда. Бұл жерлерде 92 тексеріс өткізілді. Есіл ауданында бұрын жасалған 2 бас қой ұрлығы ашылды, ветеринария саласындағы 8 құқық бұзушылық, еркін жайылымның 32 фактісі және тіркелмеген қаруды сақтаудың 1 фактісі анықталды, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру