Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер мен ЖШС жұмысшылары қалың қардан сүт таситын көлікті шығарып алды 

СҚО-да полицейлер мен ЖШС жұмысшылары қалың қардан сүт таситын көлікті шығарып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда сүт таситын жүк көлігі қалың қарда батып қалып, 12 сағаттан астам уақыт бойы тұрған.

Қаңтардан 3-нен 4-не қараған түні түн жарымда Екатеринбург-Алматы автожолының 780 шақырымында 54 жастағы жүргізушінің басқаруындағы цистернасы бар КамАЗ қарлы боранның салдарынан жол шетіне түсіп кеткен. Жүргізуші сүт құйып алу үшін Петропавл қаласынан Возвышенское ауылына бара жатқан. Қарда батып тұрған жүк көлігі жайлы полиция қызметкерлеріне жол техникасының жүргізігшісі айтқан. Алайда боран басылғанша күтуге тура келді.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Асхат Бақытжанов пен Азамат Букуев таңға дейін жақын маңда болып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Кейін жергілікті “Возвышенское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен көмек сұрады. Кәсіпорын басшылығы шынжыртабан трактор, экскаватор және 2 жүк тиегіш жіберді. Түске жақын жүк көлігі қар құрсауынан шығарылды.

– Қолайсыз ауа райы кезінде жүргізушілерге алыс сапарлардан бас тартып, елді мекендерден тыс жерлерге шықпаған жөн. Сондай-ақ автокөліктің техникалық жағдайын бақылау, қашықтық пен жылдамдық режимін сақтау, ТЖ қызметінің хабарламаларын бақылап отыру қажет. Ауа райы нашарлаған жағдайда облыс жолдарында қозғалыс шектеледі, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.

Полицейлер жолдардың жабылғаны туралы ескертуді елемей, жолға шыққан жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру