Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер ұрланған велосипедті иесіне қайтарды

Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында жасөспірімнің ұрланған велосипеді табылып, заңды иесіне қайтарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласында тұратын жасөспірімнің жазғы демалысы жағымсыз оқиғамен бастала жаздады. 20 маусым күні "102" арнасына Skillmax велосипедінің ұрланғаны туралы хабарлама түсті.

Белгілі болғандай, жасөспірім велосипедін Партизанская көшесіндегі жеке секторда аз уақытқа қараусыз қалдырған. Қайтып келген кезде көлік орнында болмаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 60 мың теңгені құрады.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер қылмысты ізін суытпай ашты. Күдікті ретінде бұрын сотталған, 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды. Оның айтуынша, велосипедті иесіз қалған деп ойлап, иесінің келуін бір тәулік бойы күткен. Кейін оны кездейсоқ сатып алушыға сатып жіберген.

Тәртіп сақшылары ұрланған мүліктің қайда екенін анықтап, велосипедті тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. Ал оны сатып алған азамат сатып алған велосипедінен де, оған төлеген қаражатынан да айырылды. Ол өз шығынын азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндіріп ала алады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полиция азаматтарға велосипедті, тіпті қысқа уақытқа болса да, қараусыз қалдырмауға және сенімді ұрлыққа қарсы қорғаныс құралдарын пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ қолдан велосипед сатып алар алдында оның заңды шығу тегіне көз жеткізу қажет. Өйткені ұрланған мүлік анықталған жағдайда, ол міндетті түрде тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру