Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер жалған нөмірдегі жүк көлігін тоқтатты

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жалған нөмірдегі жүк көлігін тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 ақпанда СҚО-ның Есіл ауданында полицейлер “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде отын тиеген “Урал” жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде нөмірлік белгілері басқа көлікке тіркелгені, ал рөлде отырған Қызылжар ауданының 33 жастағы тұрғынында көлікті басқару құқығының болмағаны анықталды. 2014 жылы ер адам жүргізуші куәлігінен алты жылға айырылған.

Айыру мерзімі өтсе де, ол жүргізу құқығын қалпына келтірмеген. Дегенмен ауыл тұрғыны бұл жағдайдың жұмысқа орналасуына кедергі болатынын ойламаған. Нөмірлерге қатысты ойын ол кәсіпорында оларды шатастырып алдым деп түсіндірген. Құқық бұзушыға көлік құралын қажетті құжаттарсыз басқарғаны және жалған нөмірлік белгілерді пайдаланғаны үшін жауап беруіне тура келеді. Жүк көлігінің иесі Қызылжар ауданының 59 жастағы тұрғыны жүргізуші куәлігі жоқ адамның басқаруына сеніп тапсырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды.

– Айта кететін болсақ, мұндай жағдайлар жиі кездесіп тұрады, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. – Үш күн бойы өткен “Қауіпсіз жол” іс-шарасы барысында облыс аумағында басқару құқығы жоқ 49 жүргізуші анықталды. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері бұрын басқару құқығынан айырылған, сөйте тұра рөлге отырған 14 адамды тоқтатты. Заңнама талаптарын елемеушілікке жол жоқ. Іс-шара шеңберінде қабылданатын шаралар жүргізушілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының тәртібін арттыруға бағытталды.

Операция өткен уақыт аралығында барлығы облыс жолдарында 1591 түрлі құқық бұзушылық, оның ішінде 81-і жылдамдықты асыру, 62-сі маневрлеу қағидаларын бұзу фактісі анықталды. 17 жүргізуші масаң күйде рөлге отырған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру