Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жүк көлігі Петропавлдан 70 шақырым жерде бір жақ қырына аударылып қалған

15 тонна тұқым тиелген фура Петропавлдан 70 шақырым жерде бір жақ қырына аударылып қалған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аптаның соңында Солтүстік Қазақстандағы жайсыз ауа райы жүргізушілер мен жол қызметтерін әбден әбігерге салды.

Есіл ауданы Чириковка ауылының маңында “Volvo” көлігінің жүргізушісіне көмек қажет болды. Ол Тимирязевоға 15 тонна тұқым тасымалдаған. Фура жолдан шығып кетіп, бір жақ қырынан тұрып қалған. Түнде жолды қар алып қалған соң, жанына ешкім жете алмады. 19 ақпан таңғы төртте “Қазавтожол” ЖШС техникасы жолды тазалауға шыққан соң, полицейлер жол үстін тексеруге кірісті.

Полицейлер “Volvo” көлігінің жүргізушісіне көмек көрсету үшін “Есіл Агрофирма” ЖШС директоры Серік Женапиновке жүгінді. ЖШС басшысы тұқым артуға “Monitau” және “К-700” техникаларын беріп және жүргізушіге ыстық тамақ салып жіберген. Тәртіп сақшылары тұқымды тасымалдаушы жіберген жүк көлігіне тиеуге көмектесті, кейін “Volvo” фурасын жолға шығарды. Ұқсас оқиға Петропавлда орын алған: айналма жолда “МАN” жүк көлігі кюветке кеткен. Оған қалалық патрульдік полицейлер мен “Қазавтожол” ЖШС көмекке келді.

18 ақпанда СҚО-да Шал ақын ауданының тұрғындары көлікпен Петропавлдан жолға шыққан: бірін үйінде балалары, екіншісін үйіндегі науқас анасы күтіп отырған. Ауа райының қолайсыздығынан, айналаны көру шектелгендіктен Есіл ауданының Бірлік ауылының тұсында көлік жолдан шығып кеткен. Әйелдер 911 нөміріне қоңырау шалған, алайда сол күні құтқарушылар мен полицейлердің күштері боранда адасып кеткен Бірлік ауылының екі баласын іздеуге жұмылдырылған еді. Жолаушыларға трассада кезекшілікте жүрген патрульдік полиция батальонының экипажы көмекке келді. Алыс жолға шыққан жүк көлігінің жүргізушілері кюветтен көлікті алып шықты. Жағдайдың қайталануы мүмкін болуынан жүрексінген әйелдер, алдағы сапарында абайлап жүруді жөн көрген. Өткір желдің өтінде олар жүргізушіге жол көрсетіп, полиция патрулінің құтқарушы жарқылдауық маягі көрінгенше көліктің алдында жүріп отырған. Патрульдік полиция қызметкерлері оларға аудан орталығы Сергеевкаға дейін ілесіп жүрген. Өз көңіл-күйлері мен боранды күні жолға шықпау туралы ескертулерін әйелдер алғыс хатта баяндаған.

– Адамдардың қауіпсіздігі – полиция бөліністері мен барлық шұғыл қызметтердің жұмысындағы басым бағыт болып табылады, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. – Жүргізушілерден ауа райының жағдайын және жолдардың жабылуы туралы ТЖ қызметінің хабарламаларын мұқият қадағалап отыруларын сұраймыз. Сонымен қатар, 18 ақпандағы боран сияқты шұғыл жағдайларда телефон желісіне жүктеменің көп болуына назарларыңызды аударамыз. Мұндай жағдайда байланыстың жаңа арнасы – “102” мобильді қосымшасы аса пайдалы болуы мүмкін, оның көмегімен полицияға мәтін түрінде хабарлама, аудио- немесе бейне қоңырау шалуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру