Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полиция қызметкерлері мемлекеттік тілді меңгеру дағдыларын жетілдіруде

СҚО Полиция департаментінің 1700-ден астам қызметкері мемлекеттік тілді меңгеру дағдыларын жетілдіруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекеттік тілді жақсы білу – полиция қызметкерлерінің нәтижелі жұмысының қажетті шарты. Бұл әсіресе сыртқы қызметтерге қатысты өзекті мәселе. Тәртіп сақшылары халықпен тығыз қарым-қатынас жүргізе отыра, олардан түскен өтініштерге, сұрақтарға тиісті жауап бере алулары қажет. Сонымен қатар, олар қылмыстық процестегі материалдарды дайындауда да, құжат айналымының басқа бағыттарында да тілді жетік білулері тиіс. Осыған орай, солтүстікқазақстандық полицейлер үшін мемлекеттік тілді оқыту курстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аппаратта, қалалық және аудандық полиция бөліністерінде сабақтар аптасына 2 рет өткізіледі. Оларға облыс әкімдігінің тілдерді оқыту орталығының мамандары сабақ жүргізеді.

Орталықтың үздік мамандарының бірі Жанат Мұхамеджанов Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басқармаларының басшылығына сабақ береді. Оның жетекшілігімен майорлар, подполковниктер мен полковниктер жұмыс барысында қолданатын терминдер, сөз тіркестерін қолдана отыра, мемлекеттік тілде құжаттар дайындап, сөйлеу мәнері дағдысын жетілдіріп, тіл жағынан білімдерін пысықтауда. Оқыту процесі тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын дамытады.

Бұл жұмысты облыстық ведомстводағы Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі үйлестіреді. Бөлім басшысы Сән Жұмағазинаның айтуынша, 2 мыңнан астам жеке құрамның ішінде 1700-ден астамы мемлекеттік тілді тұрақты түрде жетілдіруде. Мақсаты – полицейлердің жоғары кәсіби біліктілігін арттыру, ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету, полицейлердің тіл мәдениетін одан әрі жетілдіру және дамыту болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру