Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да психолог-полицейлер кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісті

Облыстық Полиция департаменті психологиялық қызметінің қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелері қарсаңында қызу жұмысқа кірісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 желтоқсанда атап өтілетін Психолог күні қарсаңында погондағы психологтар күні бойы қалалық Полиция басқармасы мен департамент аппаратының басшылығына және жеке құрамына арнайы тренингтер өткізді. Осы орайда, әр топқа жеке бағдарлама әзірленді. Ұжымда жылдам бейімделу мақсатында жас мамандармен жаттығулар өткізілді. Ал учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полицейлер, жедел уәқілдермен кәсіби тілдесу дағдылары пысықталды. Сондай-ақ, аға офицерлерге адамдардың психологиялық жағдайын түсіну, қалпына келтіру жолдары түсіндірілді.

«Бұл жұмысымыздың негізгі бағыттары – деді СҚО Полиция департаменті психологиялық қызметінің аға инспекторы полиция подполковнигі Айгүл Шоланова. – Былтырғы жылдан Петропавл қ. Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Мұқатовтың бастамасымен психологиялық демалу кабинеті ашылды, сол кезден топтық жұмыстар тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бір жарым жыл ішінде қызметкерлер 3 мыңға жуық рет келді, қызметкерлердің көбі бірнеше мәрте қатысты».

Жыл басынан 100-ге жуық сабақ өтті. Олар тренинг түрінде ұйымдастырылды. Мәселен, «Зоопарк» тренингі – адам арасындағы қарым-қатынасты жақсартады, «Психоертегі» – таңдап ала салған суреттер арқылы өзін-өзінді тануға көмектеседі, «Сенім шеңбері» – бірлескен әрекеттер арқылы белгілі бір заттың жерге түсіп кетуіне жол бермеу қажет, бұл командалық рухты нығайтады.

Бұдан бөлек, погондағы психологтар тек тренинг өткізумен шектеліп қана қоймайды, әлеуметтік-психологиялық зерттеулерді жүргізеді және нәтижелері бойынша басшылыққа ұсыныстар жасайды. Талдаудың қорытындылары арқылы Петропавл қ. Полиция басқармасында қызмет етіп, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар үйлеріне уақтылы, артық жұмыс істемей қайтатын болды. Бұдан бөлек, психологтар «Күйзеліс жағдайынан шығу», «Қызметкерлерді экстремалды жағдайларға дайындау», «Келіссөздерді жүргізу ерекшелектері» және тағы басқа тақырыптарға дәрістер өткізді. Сонымен қатар, әрбір бөліністің ерекшелігін ескерумен ерекше бағдарламалар жұмыс істейді, мәселен, қызметтері ерекше төзімділікті талап ететіндіктен жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері қалалық мәйітханаға барып тұрады…

Жеке қабылдау кезінде кеңестер беріліп, психологиялық көмек көрсетіледі, бұл полицейлерді күйзелістен сақтайды. Айгүл Шоланова күйзеліске төзімді болу, эмоционалдық босаңсу полицейлер үшін аса қажет деп атап өтті.

«СҚО Полиция департаменті психологиялық қызметі «ҚР ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын» жүзеге асыру шеңберінде жұмыс істейді, – деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев. – Күйзеліске төзімді болу, командалық рухты тәрбиелеу, кәсіби қарым-қатынасты орната білу-бұның бәрі полицейлердің кәсібилігін арттыруға бағытталған».

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру