Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да сотталған әйелдер тағам дайындау курсына қатысты

СҚО-да әйелдер колониясындағы сотталғандар үшін тағам дайындау бойынша оқыту курсы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту шеңберінде “Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасымен алғаш рет №50 мекеме базасында сотталған әйелдерге арналған “Ұн және кондитерлік өнімдер өндірісі” аспаздық шеберліктің бір күндік оқыту курсы ұйымдастырылды.

Курс шеңберінде 5 сотталған аспазшы-кондитер Динара Тамышеваның басшылығымен бәліштің үш түрін дайындау практикасына, ас үй ыдыстарымен және жабдықтармен кәсіби жұмыс істеуге, сондай-ақ нақты өнімдердің қасиеттерімен және олармен жұмыс істеу ерекшеліктерімен танысты.

– Менің бүгінгі курсқа қатысуға шешім қабылдауымның себебі – тағам дайындау дағдыларын жетілдіру. Себебі мен бәліш жасайтын кезде қамыры тым қатты немесе тым сұйық болып қалады. Динара бізге тамаша консистенциясы бар қамырды дайындаудың құпияларын көрсетті, сонымен қатар басқа да пайдалы кеңестермен бөлісті. Біздің әрқайсымыздың отбасымыз бар, босатылғаннан кейін біз оларды дәмді кондитерлік өнімдермен қуантуға тырысамыз, тіпті кондитерлік дүкен ашамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді сотталғандардың бірі.

Курс аяқталғаннан кейін сотталғандарға сертификаттар табыс етілді және барлық тілек білдірушілер үшін дәм тату өткізілді. Осы курстың негізгі мақсаты – сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге жәрдемдесу, себебі алынған сертификаттар әйелдерге жұмысқа орналасуға немесе босатылғаннан кейін жеке кәсіп ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру