Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады

СҚО полицейлері ардагерлерді Халықаралық қарттар күнімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz

Қыркүйектің соңғы аптасында облыстық, қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері ішкі істер органдарының зейнеткерлеріне барып, қал-жағдайларын біліп қайтты. Үйдің маңындағы, ішіндегі шаруашылық бойынша көмектесті, азық-түлік жеткізді. Ал 30 қыркүйек күні ардагерлерді бөліністерге мерекелік кездесулерге шақырды.

Облыстық полицияда ардагерлерге құрмет көрсету ведомстволық музей қабырғасында өткізілді. 20-ға жуық офицер “Қазақстан полициясына 30 жыл” мерейтойлық медальдарымен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. СҚО ПД бастығының орынбасары Сәуле Андағұлова ақсақалдарды құттықтай отырып, олардың барлығы жас ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті. Олардың әрқайсысы тергеу, анықтау, жедел және басқа да қызметтердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Марапаттау соңы СҚО ПД Мәдени орталығының вокалдық тобы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Осындай мерекелік іс-шаралар облыс аудандарында, сондай-ақ Петропавл қаласының Полиция басқармасында да өткізілді. Қызметкерлер зейнетке шыққан өздерінің тәлімгерлері мен жетекшілерін жылы қарсы алып, құттықтады.

Полицейлер тек дәстүрлі жиналыстармен шектелмеді. СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов пен Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов еңбек сіңірген ардагер-полиция Сергей Акопянға барып қайтты.

Сергей Ваганович ширек ғасырдан астам уақыт кеңестік милиция қатарында қызмет етті. Ол еңбек жолын учаскелік инспектордан бастаған. Бірақ милициядағы өмірінің көп бөлігін қылмыстық іздестіру қызметіне арнады. Айдын Қабдұлдинов, Ақан Сыздықов және Сәуле Андағұлова ардагерді мерекемен құттықтап, зор денсаулық пен амандық тіледі. Зейнеткер сақшылардың оған ұмытпай келіп, көңіл бөлгені үшін шын жүректен алғысын айтты.

Халықаралық қарттар күніне орай ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі зейнеткерлерге облыстық филармонияда өткен концертке билеттер табыс етті. Мұқтаж зейнеткерлерге шаруашылық жағынан көмек көрсетілді, дәрі-дәрмектер сатып алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру