Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері ауыл тұрғынының гаражынан тіркелмеген аңшы мылтығын тапты

СҚО полицейлері ауыл тұрғынының гаражынан тіркелмеген аңшы мылтығын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде СҚО ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне қала маңындағы ауылдардың бірінің тұрғыны көлікжайында тіркелмеген мылтық сақтауы мүмкін екені туралы жедел ақпарат келіп түсті.

Тексеру барысында ақпарат расталды. Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінің 43 жастағы тұрғыны мылтықты көлікжайында сақтаған. Дәл осы жерде адамдардың көліктерін жөндеген. Тіркелмеген ИЖ-27Е қосауыз мылтық тәркіленіп алынды. Мылтықтың қайдан келгені туралы сұраққа өзен жағасынан қапшықтың ішіне бөлініп салынған күйінде тапқанын айтты. Бұл факті Қызылжар ауданы полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді. Ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-бөлігі бойынша материал жиналып, сотқа жіберілді.

– Кез келген қару түрі, әсіресе, атыс қаруы өте қауіпті. Қарумен байланысты қылмыстардың, құқық бұзушылықтардың және оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында 5-9 қыркүйек аралығында СҚО аумағында “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.

Бес күнде облыста ішкі істер органдарында тіркелмеген, заңсыз сақталған 12 бірлік қару; иір ұңғылы қаруға арналған 48 патрон, 12 және 16 калибрлі 60 патрон тәркіленді. Сақтау қағидаларын бұзғаны үшін 10 адамнан қарулары тәркіленіп алынды. Сондай-ақ “Қару” іс-шарасы шеңберінде полицияға 9 бірлік қару ерікті түрде тапсырылды. Адамдардың барлығы мылтықтарды көл жағасынан, далада, орманда тауып алғанын және оны учаскелік полиция инспекторына тапсырмақ болғанын айтқан. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

СҚО ПД криминалдық полиция басқармасы ескерткендей, тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен оны ерікті түрде тапсыру ғана босатады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру