Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері балабақшаға Степа ағайды шақырды

Жол қауіпсіздігі жайлы пайдалы ақпаратты бүлдіршіндерге айту үшін Петропавлдағы “Алтын бесік” балабақшасына ерекше қонақтар барды. Балабақшада ойын түріндегі танымдық сабақ өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қонақтар балаларға жол жүрісі қағидаларын айтып берді. Әрі кездесуде балалардың арасында кең танымал қуыршақтар театрының кәсіби актерінің орындауындағы милиционер Степа ағай да болды.

Оның келуіне Солтүстік Қазақстан облыстық қуыршақтар театрының директоры Сергей Орлов демеу көрсетті. Осындай креативті іс-шаралар болған кезде полицейлерге үнемі қолдау білдіріп отырады. Степа ағай бағдаршамның түстері мен жол қозғалысын реттеушінің белгілерін тақпақ пен ойын түрінде әсерлі жеткізді, жол үстінде және жолға жақын жерлерде ойнауға болмайтынын айтты. Мұның барлығы есте қалу үшін балалардың өздері жол сақшысының ала таяғын қолдарына алып, қимылын қайталап көрді. Бүлдіршіндер нағыз полиция көлігіне отырып көруге де мүмкіндік алды. Дауыс зорайтқышты басып, сиренаны тыңдаған балалар ерекше әсер алғанын жасырмады.

– Жол үстіндегі қауіпсіз жүріс-тұрыс осындай жарқын іс-шаралар арқылы балалардың естерінде қалады деген сенімдеміз. Бұл сабақ “Назар аударыңыз, балалар!” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде өткізілді. Қызметкерлер білім беру мекемелеріне барып, сабақ өткізеді. Бұдан бөлек, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Оның мақсаты – оқушылардың жазғы демалысы алдында жол қозғалысының барлық қатысушыларының жолдағы тәртібін арттыру, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Сондай-ақ балалардың жол-көлік жарақатын азайту мақсатында полицейлер жолдардағы тексеру жұмыстарын күшейтті. Басты назарда – жол-көлік оқиғаларына жиі алып келуі мүмкін бұзушылықтар. Іс-шараның алғашқы 10 күнінде қозғалыс кезінде жаяу жүргіншілерге жол бермеудің – 74, көше қиылыстарынан өту ережелерінің 200 бұзушылығы тіркелді. Жалпы облыс жолдарында жол жүрісі қағидаларының 2813 түрлі бұзушылығы анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру