СҚО полицейлері жол-көлік оқиғалары профилактикасының жаңа форматына көшті
СҚО полицейлері жол-көлік оқиғалары профилактикасының жаңа форматына көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары Нұр-Сұлтан – Петропавл автожолында апаттылығы жағынан қауіпті жол учаскелері туралы бейнеподкастты түсірді.
Түсіретін локациялардың бірі Аққайың ауданы Аралғаш ауылынан 425 км жерде орналасқан. Бұл жерде малдың қатысуымен апаттың орын алу қаупі жоғары. Қауіп туралы «Малды айдап өткізу» белгісі ескертеді.
СҚО ПД патрульдік полиция батальоны инспекторларының сөзіне қарағанда, бір оқыс оқиға өткен айда орын алған: жүргізуші қараңғыда жылқыны аңғармай қалып соққан, салдарынан жылқы мерт болып, көлік істен шыққан. Жүргізушілердің назарын аударту үшін жолдың жиегіне қосымша сиыр макеті орнатылған. Тәртіп сақшылары осы жол учаскесінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Сондай-ақ, түсірілім Астраханка ауылының маңында орналасқан патрульдік полиция көлігі макетінің қасында, ақпараттық тақтасы бар жылдамдық өлшегіштің маңында болды. Тақта жүргізушінің тіпті сағатына 1 км жылдамдақты асырғанын қызыл түспен көрсетеді. Бұл жерде жолдан өтейін деп тұрған балалардың макеті орнатылған.
– Осы бейнежазба YouTube хостингіне салынған. Бұл жүргізушілерді республикалық жолдардағы қауіпті учаскелер туралы хабардар етудің бір тәсілі. Демалыс кезінде жолда көлік легі артады, жол-көлік оқиғаларының қаупі де өседі. Полиция қызметкерлері апаттылықты төмендету бойынша шаралар қабылдайды. Мәселен, «Қауіпсіз жол» акциясы шеңберінде тексерістер күшейтіліп, ақпараттық-түсіндіру жұмысы белсенді жүргізіледі. Жолдағы апаттар көп жағдайда жылдамдықты асыру, маневрді жасау кезінде бұзушылықтар жасау, сондай-ақ алыс жолға шыққан жүргізушілердің шаршауынан болады. Барлықтарыңызды Жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға, ескерту белгілеріне назар аударып, қауіпті жол учаскелерінде жылдамдықты төмендетуге шақырамыз, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Раиль Галиев.
Ағымдағы жылдың 6 айында облыста 127 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 19 адам қаза тауып, 191-і жарақаттанды. Апаттардың 24-і, орташа есеппен әрбір бесіншісі республикалық маңызы бар автожолда орын алған, онда 8 адам қаза тауып, 49-ы жарақат алды.