СҚО полиция департаментінің басшылығы Азия ойындарының жүлдегерімен кездесті
СҚО полиция департаментінің басшылығы Азия ойындарының жүлдегері Наталья Богдановамен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов 2023 жылғы Азия ойындарының бокстан қола жүлдегері Наталья Богдановамен және оның жаттықтырушысы Дастан Қабденовпен кездесті.
Облыстық полиция басшысы 24 жастағы спортшы мен оның жаттықтырушысын халықаралық аренадағы жетістіктерімен құттықтап, спортта жаңа белестерге қол жеткізуді тіледі. Айдын Қабдұлдинов айтып өткендей, спортшының кәсібилігі мен жеңіске деген ұмтылысы жерлестері үшін ғана емес, полицияның жеке құрамы үшін де жақсы мотивация.
Наталья Богданова кикбоксингтен Қазақстанның спорт шебері, Қазақстан полицейлері секілді «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының мүшесі. Еліміздің танымал велосипедшілері, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров пен халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте чемпионы Алексей Луценко да «Динамо» қоғамының белді мүшелері. Олар да Наталья Богданова секілді кәсіби спорттағы алғашқы қадамдарын Солтүстік Қазақстан облысында бастаған.
Наталья Богданова полицейлерге осындай көңілі үшін алғысын білдіріп, халықаралық ареналарда Қазақстан атынан лайықты өнер көрсету үшін бар күш-жігерін салатынын, спорттық дәстүрді нығайтатынын және жерлестерін жаңа жеңістерімен қуантатынын айтты.