Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Студенттер төбелескен орыннан тапанша табылды

4 наурыз күні Ақтау қаласында техникалық колледж студенттері арасында төбелес болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір топ баланың қақтығысын көзбен көрген куәгерлер “102” нөміріне хабар берген. Оқиға орнына лезде жеткен полицейлер он жігітті ұстады. Оның екеуі – кәмелетке толмаған №23 орта мектептің оқушысы.

“Төбелеске қатысқандардың бірі – 2000 жылғы студент. Басына тас тиіп, жарақат алған. Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген оның қазіргі жағдайы тұрақты”, – деді Маңғыстау облысы бойынша полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Амангелді Халмурадов.

Оқиға орнынан полицейлер қолдан жасалған тапанша тапты.

“Тапаншаның атуға келетіндей дыбыстық әсері болғанмен, денеге жарақат салмайды. Тәркіленген қаруды мамандар сараптамадан өткізіп жатыр”, – деп түсіндірді Амангелді Халмурадов.

Төбелеске қатысқан екі жігіт өзара сөзге келіп қалған. Әркім өз шындығын дәлелдеу үшін екі жақ достарын жинайды. Оның арты едәуір қақтығысқа ұласады.

Осы іске байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігі – “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Іс материалдары Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға да жіберіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру