Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Су тасқыны: Ұландық курсанттар 2 аптада 130 мыңнан астам құм салынған қап әзірледі

Су тасқыны: Ұландық курсанттар 2 аптада 130 мыңнан астам құм салынған қап әзірледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысындағы су тасқынына байланысты жағдайы ушығып тұр. Сергеев су қоймасында екінші су толқынының келуіне байланысты су мөлшері қайтадан көтеріле бастады. Мұндағы су деңгейінің көтерілуі 21 сантиметрге жеткен. Бұл 18 сәуір күнгі сағат 10:00-дегі жағдай.

Өңірдегі төтенше жағдай кезінде Ұлттық ұлан академиясының офицерлері, келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мен курсанттары қол қусырып отыра алмады. Олар табиғи апат болған алғашқы күннен-ақ тасқынның алдын алу және зардабын жою жұмыстарына білек сыбана кірісті.

Ұландықтар 20-31 наурыз күндері Рабочий, Солнечный шағын аудандарында ұзындығы 10 шақырым болатын арықтарды тазартумен айналысты. Кейін тасқын су мөлшері күшейгендіктен бөгет жасауға қажетті қаптарды әзірлеуді қолға алды. Атап айтқанда, әскерилер Тепличное, Прибрежное, Кожевенный, Ольшанка, Бескөл, Якорь секілді кенттерде және Лесхоз, “Қызылжар Су” мекемелерінің аймақтарында су жағаларын нығайтты. Бұл қатарға қала іргесіндегі Заречный мен Подгора шағын ауданы да кіреді. Сәуірдің бірінші күнінен бастап бүгінге дейін курсанттар 135 195 құм салынған қап әзірлеген. Оның 62 700-ін өз қолдарымен қалап, жалпы ұзындығы 2 шақырым болатын бөгет тұрғызған. Бұл көрсеткіштер облыс іргесіндегі су басқан елді мекендерде атқарылған жұмыстардың ортақ нәтижесі.

– Қазіргі сәтте біздің курсанттар Бескөл елді мекенінің су басу ықтималдығы жоғары тұсына көмекке келді. Бұл жерде ұландықтар алдын алу жұмыстарын атқарып жатыр. Бір күнде біздің курсанттар 9 мың қап әзірледі. Курсанттар өздеріне жүктелген шаруаны ынталы түрде істеп жатыр. Олар қазіргі жағдайды бағамдай біледі. Елге пайдамыз тисе деген ниеттерін көрсетіп келеді. Тіпті кейде өзара взвод-взводқа бөлініп, құм салынған қаптарды көп мөлшерде әзірлеу үшін сайысып жатады. Бұл көрсеткіштер жауынгерлеріміздің күш-қуатын байқатады. Ал мұндай істі қолға алғандағы мақсатымыз — төтенше жағдай кезінде халықтың қасынан табылып, оларға жәрдемдесу, – деді оқу батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мейрамбек Талапкер.

Академияның тәлімгерлері де елдегі ахуалға алаңдаушылықпен қарайды. Сондықтан да сын сәтте халық арасынан табылғандарына қуанышты.

– Қазір еліміздің көп бөлігі табиғи апаттан жапа шегіп жатыр. Сондықтан біз өз қаруластарымызбен бірге Солтүстік Қазақстан облысында болып жатқан қиын жағдайлар кезінде азаматтарға көмек беріп жатқан жайымыз бар. Біз жылдам әрі тез көмек беруге тырысып жатырмыз. Әрбір ер азамат ел басына қиындық туғанда — көмекке ұмтылуға тиіс. Бұл — біздің бұлжымас міндет, – деді курсант Рауан Тұрдақын.

Ұландықтардың ұйымдаса атқарған жұмысына жергілікті тұрғындар да риза.

– Біз тұратын Бескөл ауылына топан су жақындап қалды. Бүгінде бұл су бізді үрейлендіріп отыр. Тасқын мұндай деңгейде болады деп ойламаппын. Бірақ біздің қарапайым ауыл тұрғындары дер кезінде жұмылып, қауіптің бетін қайтарғандай болдық. Күш қуатымыз таусыла бастағанда бізге ұландықтар және басқа да құрылымдар көмек қолын созды. Ал бүгін Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен еріктілер тобы бірлесіп су тасқынының екінші толқынына дайындалып жатыр. Нақтырақ айтқанда, тасқынға тосқын болатын қаптарға құм толтырып, бөгет тұрғызу жұмыстарына кірісіп жатыр, – деді бескөлдік Орынбасар Байманова.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері қауіп сейілмейінше облыс орталығына жақын жердегі елді мекендерде тасқын суды тоқтатуға бағытталған жұмыстарды атқаруды жалғастырады.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру