Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Такси” іс-шарасы: Павлодар облысында жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілердің қатысуымен 6 ЖКО тіркелді

Павлодар облысында жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілердің қатысуымен 6 ЖКО тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол-көлік оқиғаларын, оның ішінде жолаушыларды тасымалдаумен байланысты оқиғаларды азайту, облыс аумағында шетелдік мемлекеттік нөмірлері бар автокөлікпен заңсыз жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға бақылауды күшейту мақсатында ағымдағы жылғы 20-25 қыркүйек кезеңінде “Такси” жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіледі.

– Жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілердің қатысуымен 6 ЖКО тіркелді, онда бір адам қаза тапты, тағы 15 адам жарақат алды. Шет мемлекеттерде тіркелген автокөліктердің қатысуымен 45 ЖКО болып, үш адам қаза тапты, 60 адам түрлі дене жарақаттарын алды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов брифингте.

“Такси” жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні ғана полиция қызметкерлері 450-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Қозғалыс кезінде ұялы телефондарды пайдаланған такси жүргізушілері көш бастап тұр. Екінші орын техникалық байқаудан өтпеген такси жүргізушілеріне бұйырды. Тәртіп бұзушы көшбасшылардың үштігін автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаған жүргізушілер тұйықтайды. Барлық құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар қозғалып, айыппұл салынды.

Сондай-ақ, бұзушылықтар үшін 11 автокөлік айыппұл тұрағына қамалды.

Мысалы, 20 қыркүйек сағат 15:38 шамасында полиция қызметкерлері Volkswagen Passat автокөлігін тоқтатты, онда жүргізушіде жарты жылдық техникалық байқаудан өткені туралы куәлік болмаған. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 9-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалып, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды.

Сол күні Екібастұз қаласында Ә.Молдағұлова көшесінде мас күйінде болған 48 жастағы жүргізушінің басқаруымен Volkswagen Passat маркалы автокөлік тоқтатылды. Көлік құралы айыппұл тұрағына қамалды, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама жасалды. Сот жүргізушісін жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды және 15 тәулікке қамауға алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру