Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талап пен Тәртіп

Ішкі істер министрлігі БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі “Погонды журналист” жобасын биыл да ұйымдастырып отыр. Жоба бойынша журналист бір күн бойы тәртіп сақшысының орнына өзін қойып, жұмыс процесіне толық қатысады. ІІО қызметкерінің формасын кие сала, тәртіп сақшысы бола кетпейтініміз хақ, бірақ ала таңнан қара кешке дейін қоғамдық тәртіпті, ел тыныштығын сақтап жүрген маманның орнына бір сәт өзіңді қойып көру – шынымен де бөлек әңгіме, – деп хабарлайды Polisia.kz

10.08.22 жыл. Әдетте, редакциядағы жұмысымыз сағат 09:00-ден басталса, бұл таңымызда  07:00-ден телефонымда тыным болмады. Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Патрульдік полкі басшылығымен де, баспасөз қызметкерлерімен де алдын-ала мән-жайды реттеп, келісіп алғанбыз.

Телефон шыр ете қалды. Байланыста – Патрульдік полицияның қызмет инспекторы, полиция капитаны Ильдар Рамазанов.

Ильдар маған форма мәселесімен командирге кіргелі тұрғанын жеткізіп, киім өлшемімді жазып алды. Одан бөлек “Бүгін ауа райы қолайсыз сияқты, түсірілімге кедергісі болмаса, полицейлер күн райын талғамайды-ау” деп қалды. Астананың ауа райы бір сәт жауын-шашынды, салқын болып тұрса, әп-сәтте күн шайдай ашылып, тіпті ыстық болып кетсе де таң қалмайтынымды айттым.

Ильдар “Бір сағат көлемінде дайын отырыңыз, сізді үйден алып кетеміз” деген соң, жинала бастадым. Бір сағат қас пен көздің арасында өте шықты. Маған тиесілі форманы арқалап, қос тәртіп сақшысы аулада күтіп тұрғанын айтып, телефон шалды. Сыртқа шықсам, жауын құйып тұр, қолшатыр алмаппын. Полицей формасын алып, үйге қайта кірсем, тағы жаңбырдың астында қалмақпын. Оның үстіне полицейлер “Полкте командир күтіп отыр және сіздермен рейдке басқа экипаж шығады” деген соң “Киімді сол жақта ауыстырармын” дедім де, көлікке жайғастым. Құйындай зулап полкке жеттік.

Ішке еніп, киім айырбастадым. Сол сәтте нысаналы киімнің бір құдіреті бар сияқты көрінді маған. Аз уақытта жинақы киініп үлгергендей болдым. Өзімді құдды бір сапқа тұрар шын сақшыдай сезініп кеттім. Бәрінен де былғары белбеуді беліме байлағанымда, иығыма бір үлкен жауапкершілік артылып жатқандай, белімді бекем буып жатқандай күй кештім. Ер-азаматтардың белбеуге, белдікке ерекше мән беретіні тегін емес-ау. Соңғысы бас киім еді, айнаға қарап, шашымды қобыратпайын деп оны да бастыра киіп алдым. Иықтағы погонға енді ғана мән бердім. Айнаға қарадым да:

– Іске сәт, жолдас лейтенант, Мұхатова!, – дедім.

Сөйттім де есікті ашып, сыртта күтіп тұрған жол көрсетушілерге дайын екенімді жеткіздім.

Қызмет инспекторы Ильдар Рамазанов мені бірінші ротаның бірінші взвод командирі, Нұрлан Қалиевке алып барды. Командир амандық сұрасып жатып, қызметкерлерге “Ханымның жағасын, погонын дұрыстап жіберсеңдерші” – деді. “Несі дұрыс емес екен?” деп көздің қиығымен қарасам, форма ішінен киген өзімнің қара жейдемнің жеңі сәл сыртына шығып кеткен екен. Нысаналы киімнің сақшы үстіне мінсіз қонуы – тәртіптің бастауы. Командирдің ескертуі орынды.

Айта кету керек, еліміз бойынша қала көшелері мен жолдарындағы тыныштықты күзететін патрульдік полицейлер арасында нәзік жандар жоқ екен.

Нұрлан Өміржанұлы Патрульдік полиция қызметімен барынша таныстырып өтті де, күнімізге сәттілік тіледі.

“Құп болады, жолдас командир!” – дей отыра сыртқа шығып, экипажға қарай келдік. Көлікті жүргізуші аға лейтенант Нұрсұлтан Байкенже мен жанындағы көмекшісі, полиция аға лейтенанты Данияр Әлімқұлов түсірілім топты жатсынбай қарсы алды. Көлікке жайғаса бергенімізде, аспан да шайдай ашылып, жауын-шашын басыла қалды. Қаланың орталық көшелерінің бірімен зулап келеміз.

Сарыарқа даңғылына шыққан бойда Данияр  “Сергек” бейнебақылауының “Қорғау” бағдарламасы қолдағы планшетте іске қосылғанын баяндап келе жатыр. “Сергек” нұсқамасы бойынша жол бойында Nissan автокөлігін тоқтатты. Қолдағы құрылғыда көлік иесінің аты-жөні мен айыппұлы тайға таңба басқандай анық жазылған. Бір қызығы, жүргізуші өзінің 600 мың теңгеден асып түсер айыппұл арқалап жүргенін білмейтінін айтып әлек. Одан бөлек “Эра” бағдарламасы арқылы тексергенде, көліктің техникалық бақылаудан өтпегені анықталды. Көше бойында жүргізушіге айыппұлын бір апта ішінде 50 пайыздық жеңілдікпен өтей алатыны ескертіліп, Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 590-бабы, 9-бөлігі, яғни көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу, мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық тексеруден өтпеген көлiк құралын басқару негізінде  хаттама толтырылды.

Орнымыздан қозғала бергеніміз сол екен, Жедел басқару орталығынан рацияға хабарлама келіп түсті. Орталық қызметкері қара түсті мемлекеттік нөмірлі Volkswagen көлігін тізгіндеуші азаматтың қауіпсіздік белбеуін тақпай келе жатқаны бейнебақылауға анық ілінгенін баяндады. Экипаж сыртқа шығып, аталмыш көлікті күтіп алып, дереу тоқтатты. Жүргізуші ереже бұзғанын толық мойындап тұр. Амал жоқ, толтырылған хаттама бойынша жеті мың теңге көлемінде  айыппұл арқалап қала берді. Оның өзі алдағы бір аптадан кешіктірмей төлеген жағдайда.

Тәртіп сақшыларымен бірге қоғамдық, жол қауіпсіздігі тәртібін бақылап жүргенімізде мені ойға қалдырғаны – көп азаматтың өз қателігін бірден мойындай қоймайтыны. Сол сәтте полицейдің аса бір сабырлылықпен мән-жайды нақты түсіндіріп, соңында “Жолыңыз болсын!” деген тілегі де ешкімді ойландырып жатпайтын сыңайлы. Мәселен, Сейфуллин көшесінің қиылысында қауіпсіздік белбеуін тақпаған тағы бір жүргізушіге ескерту жасалып, хаттама толтырылып жатқан жағдайдағы жауабын тыңдағанымда, езуге еріксіз күлкі келді. Жүргізуші  “Ой, сендер де бір… ешкім тақпайды ғой, ременьді” деп қарап тұр. Сол жерде әңгімеге өзім араласып, “Азамат, сіз жеке басыңызбен жеке меншік көлігіңізді басқарып келе жатқан соң, өзіңіз жасаған қателікке өзіңіз ғана жауап бересіз ғой. Бұл жерде бір ғана шарт бар – көлік құралдарын пайдаланғанда тәртіпке бағыну қажет” дедім. Жүргізуші қатесін мойындап, кешірім сұрады. Шынымен де, заң мен тәртіп – бәрімізге ортақ! Ал оны бұлжытпай орындап жүру қиын емес шығар?..

Ереже бұзғандардың естеріне заң мен тәртіпті салып жүргенімізде, талтүс болыпты. Кенет күн райы тағы да өзгеріп сала берді. Қабағы қатулы аспаннан құйған нөсер тоқтар емес. Жауын басылғанша түскі ас ішіп алуды ұйғардық. Көп ұзамай, бір дәмханаға кірдік. Алдымызға келген астан ауыз тие бергеніміз сол еді, орталық кезекшісі Қосшығұлұлы көшесіне жетпей, Бейсеков көшесі бойында Nexia мен Volkswagen автокөліктерінің қақтығысып қалғанын айтып, жедел жетуімізді тапсырды. Асты апыл-ғұпыл ішіп, оқиға орнына жеттік.

Келсек, Nexia автокөлігі алдында келе жатқан Volkswagen көлігін соғып алған. Екі азамат өзара келісе алмағандықтан, полицияға жүгінген. Нәтижесінде артта келе жатқан көлік иесіне айыппұл салынып, хаттама толтырылғаннан кейін көлігі айыптұраққа қарай бағытталды.

Міне, таңнан кешке дейінгі бір ғана күнде көлік басқарудағы сан түрлі ереже бұзушыларға біз  осылайша куә болдық. Байқап отырсақ, ережелерді ескермеу салдарынан аяқасты айыппұл арқалап жатқан азаматтар көп. Олардың ішінде көлік құралын басқарып келе жатып, телефонмен сөйлесетіндер, қауіпсіздік белбеуін тақпайтындар мен жылдамдықты орынсыз арттыратындар бар. Осының бәрі  тәртіп сақшысының да, жүргізушілердің де жүйкесіне салмақ салып, уақытын алады. Бірақ тәртіптің аты – тәртіп. Жол жүрісі ережесін қатаң сақтаған жөн. Иығыма тағылған бір күндік погон тәртіп сақшысының тынымсыз еңбегіне құрметпен қарауды тағы бір мәрте еске салғандай!

Авторы: Әсел ЖАҚСЫБАЙ

Суреттерді түсірген  Медет ӘШІРБЕКОВ

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру