Талдықорғанда полицейлер егде жастағы әйелді тонаған күдіктіні ұстады
Талдықорғанда полицейлер егде жастағы әйелді тонаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласы ПБ Батыс полиция бөлімінің кезекші бөліміне 66 жастағы жергілікті тұрғын тоналғаны туралы арызданған. Жастар шағын ауданында белгісіз ер адам әйелден әмияны, 85 мың теңгеден астам ақша қаражаты, банк карточкасы, жеке куәлігі және зейнетақы куәлігі бар сөмкесін алып кеткен. Аталған дерек ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркелді.
Күдікті ақшаны алып, сөмкені, әмиянды және құжаттарды қылмыс орнына жақын жерге лақтырып жіберген.
Тәртіп сақшылары жедел түрде күдіктінің тұрған жерін анықтап, оны орталық саябақ аумағынан ұстады. Ұсталған азамат облыс орталығының еш жерде жұмыс істемейтін 19 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қарақшылық дерегі түсіп қалған бейнежазба мен басқа да дәлелдемелер ұсынылғаннан кейін, ол ақшаны өзінің жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын жеткізіп, қылмыс жасағанын мойындады. Тергеу барысында ол сөмкені, әмиянды және құжаттарды тастаған жерлерді көрсетті. Күдікті ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жария етілмейді.