Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғанда тәртіп сақшылары карантин кезіндегі қауіпсіздік шараларын күшейтті

Талдықорған қаласында коронавирус індетін жұқтыру дерегі тіркелгеніне байланысты алдын алу шараларымен қатар, практикалық шаралар да күшейтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Облыс орталығына кіреберістерде төрт санитарлық бекет қызмет етеді. Қазіргі уақытта бекеттегі полицейлердің саны арттырылып, бекет жұмысына 40 қызметкер жұмылдырылған. Көліктердің белсенді қозғалысы “Алматы – Талдықорған”, “Текелі – Талдықорған”, “Үштөбе – Талдықорған” санитарлық бекеттерінде тіркелді. Дегенмен, аталған бекеттерде көлік кептелісі жоқ екенін атап өту қажет,- деді Талдықорған ҚПБ басшысы Асқар Нұрсапа.

Санитарлық бекеттерде тәртіп сақшылары облыс орталығына кіруге ниетті адамдардың қалада тіркеуде екенін тексереді немесе қалаға кіруге берілген рұқсат құжаттарын қарайды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы күшіне енген сәттен бастап, яғни 17 мамырдан бүгінге дейін 8207 автокөлік пен 18568 адам тексерілген.

– Сондай-ақ, індет жұқтырған адамдар мен олар байланыста болғандардың, сонымен қатар провизорлық, карантиндік стационарлардың және үй карантиніне жатқызылған адамдардың тұрғылықты мекен-жайын тәулік бойы оқшаулау жүзеге асырылып жатыр. Басты назар халық арасында карантиндік шараларды сақтау, оның ішінде қорғаныш бетпердені үнемі тағу туралы түсіндірме жұмыс жүргізілуде тұр, бақтарда, гүлзарларда рейдтер жүргізіліп, тұрғындардың топталып жүрмеуін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Күн сайын сауда орындарында да рейдтер жүргізіліп, Талдықорған қаласы бас санитарлық дәрігері қаулысының орындалуы тексеріледі,- деп толықтырды Нұрсапа.

Полицейлер індеттің жаппай таралуының алдын алу үшін жеке санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және карантин ережелерін бұзбауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру