Танысына сеніп қалған шымкенттік 50 бас жылқысынан айырылды
Шымкентте алаяқтық жолмен ақша алған азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері алаяқтық жасаған азаматтың қылмысын әшкереледі.
Нақтырағы, Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында, танысы мал сатумен айналысамыз деп серттесіп, 50 бас жылқысын алып, сатқанын, алайда оның ақшасын не малдарын қайтармағаны туралы жазып, көрсеткен. Осылайша алданып қалған. Келтірілген шығын көлемі шамамен 13 млн теңгені құрап отыр.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша тіркеуге алған. Еңбекші ауданы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шымкент қаласының 40 жастағы тұрғыны анықталып, тиісті басқармаға жеткізілді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары алаяқтық жолмен алынған ақшаны азамат өз қажеттілігіне жаратып жібергенін анықтады.
Қазіргі уақытта азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Осы орайда, Шымкент қаласының полицейлері тұрғындарға жеке мүлкіне сақ болуға шақырады. Егер, Сіз, алаяқтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, «102» нөміріне хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз, қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.