Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тараз көшелерінің 14 негізгі қиылысына «Ақылды бағдаршам» орнатылды

Тараз көшелерінің 14 негізгі қиылысына «Ақылды бағдаршам» орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апатты азайту мақсатында жамбылдық Әкімшілік полиция басқармасы өңірдің автожолдарына 1 508 тексеру жүргізген. Бұл ретте 11 492 шақырым жол қамтылып, 9 500-ге жуық ақау анықталды. Оған қоса, берілген нұсқамалар аясында 3 114 жол белгісі орнатылған, 6 800 шақырымнан аса жол таңбалары сызылған, 154 мың шаршы метр шұңқыр жөнделген, 46 жол буфері ауыстырылған, 1 660 сигнал бағанасы мен 8 515 катафот орнатылған.

Бұл туралы Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндады.

Оның айтуынша, автокөлік жолдарына дұрыс қызмет көрсетпегені және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін аймақтағы 190 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Одан бөлек, Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауылдық округі әкімдіктері 3 миллион 71 мың теңгені құрайтын айыппұл төлеген.

– Бүгінде жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын дамытуға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Тараз қаласының Абай, Төле би және Тәуке хан орталық көшелерінде қауіпсіздік аралдары қызыл түске боялды, бұл көлік ағынының қозғалысын жақсырақ үйлестіруге мүмкіндік береді. Автокөлікті өткізу қабілетін арттыру мақсатында тоқтауға тыйым салатын учаскелерге сары түсті жол таңбасы салынды. Тәуке хан – Б.Момышұлы көшелерінің қиылысына көлік құралдарының қауіпсіз бұрылуын қамтамасыз ететін жол таңбасы қойылды. Қаланың 14 негізгі қиылысында «Ақылды бағдаршам» орнатылды, олар реттеу циклдарын автоматты режимде жүктемеге сай өзгертіп отырады, – деді Жайдарбек Кәдірбекұлы.

Ол жануарлардың жолдың жүру бөлігіне шығып кетпеуі «Батыс Европа – Батыс Қытай» автожолының 2 учаскесіне, әр бағытта 3 шақырымнан «Электрпастух» құрылғысы орнатылғанын айтты. Яғни, малдар «Элекропастух» қоршауына тигенде электр тоғының соғуын сезеді екен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру