Таразда екі тұрғыннан 1 келіге жуық синтетикалық есірткі табылды
Тараз қаласының екі тұрғынынан 1 келіге жуық синтетикалық есірткі табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қазанда Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен «Қарасора-2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы және «Рефлекс-2021″өңірлік операциясы шеңберінде арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде облыс орталығының аумағында психотроптық синтетикалық заттарды өткізумен айналысқан Тараз қаласының екі тұрғынына қатысты жедел ақпарат жүзеге асырылды.
Бір мезгілде ұстау және олардың тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінтуді жүзеге асыру кезінде 922 грамм синтетикалық психотроптық заттар тәркіленді.
Қазіргі таңда ұсталған азаматтар кінәсін мойындап, Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Осы қылмыстық іс бойынша Жамбыл облысының Тергеу басқармасы және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.
⁃ Қазіргі уақытта ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізілуде. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – деп хабарлады облыстық ПД.