Таразда полицияның кешенді күштерінің гарнизондық жиыны өтті
Таразда полицияның кешенді күштерінің гарнизондық жиыны өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында Тараз қаласының орталық алаңында күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау қызметіне түсетін полицияның кешенді күштерінің гарнизондық жиыны өтті.
Гарнизондық жиынға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, тәртіп пен заңдылықтың сақталуындағы полиция қызметкерлерінің маңызды рөлін атап өтті. Өңірдегі қылмыс деңгейінің төмендегеніне тоқталып, Полиция департаментінің жеке құрамына азаматтардың тыныштығын қорғап жүргені үшін алғысын білдірді.
ПД бастығы Жанат Сүлейменов іс-шара барысында полиция қызметкерлеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша негізгі міндеттер мен нақты тапсырмалар берді.
Жеке құрамға азаматтармен қарым-қатынас кезінде ұстамды және сыпайы болу қажеттігін еске салды. Сондай-ақ, ол халықпен барынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға бағытталған «полицияның сервистік моделіне» баса назар аударды.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және қызметтік борышын адал атқарғаны үшін 7 учаскелік полиция қызметкерін алғыс хатпен марапаттаса, ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев пен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Дінмұхамед Қойтөриевке Құрмет грамотасын салтанатты түрде табыс етті.
Жиын соңында полиция қызметкерлері әскери оркестрдің сүйемелдеуі арқылы салтанатты маршпен жүріп өтіп, Тараз қаласының қоғамдық қауіпсіздігі мен құқықтық тәртібін қамтамасыз ету қызметіне кірісті.