Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тараздық студенттердің қатысуымен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында кездесу өтті

Тараздық студенттердің қатысуымен нашақорлықтың алдын алу тақырыбында кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай басталған айлықтың аясында Жамбыл облысында оқушылар мен студенттердің қатысуымен бірқатар іс-шаралар жоспарланған.
Белсенді қатысушылардың бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің білімгерлері. “Біз есірткіге қарсымыз – біз өмірді таңдаймыз!” ұранымен өткен кезекті кездесуге технология факультетінің студенттері қатысты.

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мұндай іс-шаралар жасөспірімдер мен жастардың есірткіге қарсы тұрақты санасын қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Іс-шара Тараз қалалық жастар ресурстық орталығымен және “Нығмет нұры” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Кездесу барысында ашық диалог өтті. Полицейлер мен студенттер нашақорлыққа қарсы күрес шараларын, есірткі заттарын өткізу мен таратқаны үшін жазаларды, нашақорлық мәселелері бойынша деректер мен статистиканы талқылады.

– Облыста салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ нашақорлықтың, алкоголизмнің және темекі шегудің алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Өкінішке орай, ең алдымен, жастар тәуелділікке жиі ұшырайды. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер мен жастарды тыйым салынған заттарды қолданудан қорғау үшін бәрін жасайды. Біз профилактикаға баса назар аударуға тырысамыз, ата-аналарды денсаулыққа зиян келтіретін мінез-құлыққа тосқауыл бола алатын спортпен шұғылдану, белсенді бос уақыт сияқты балама әдеттерді дамытуға шақырамыз. Нашақорлыққа қарсы күресте бей-жай қарамау керек, өйткені бұл бүкіл қоғамның проблемасы, сондықтан онымен бірге күресу керек, – деді ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру