Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп пен дәстүр үндестігі. Ұлттық киім күніне арналған бейнеролик

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл – терең мағынаға толы, ұлттық құндылықтарға құрмет білдіретін ерекше мереке. Осы күні ұрпақтар сабақтастығы жаңғырып, ата-баба дәстүрі заманауи сипатта қайта түлейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері ерекше әрі әсерлі бейнеролик дайындады. Онда қатаң қызметтік форма көркем ұлттық киім үлгілерімен үйлесімді түрде алмасады. Бұл тек көркемдік тәсіл ғана емес, қызметтік міндет пен ұлттық құндылықтарға деген құрметтің үйлесімін бейнелейді.

Бейнероликте Мемлекеттік Тудың көтерілген сәті де бейнеленген. Бұл – бірлік пен намыстың, Отанға деген адалдықтың символы. Аталған көрініс негізгі идеяны тереңдете түседі: заңға қызмет ету мен дәстүрді құрметтеу – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Кадрдағы әрбір қозғалыс, әрбір деталь мағынаға толы. Қызметкерлер антқа адал бола отырып, өз халқының мәдени мұрасымен тығыз байланысын көрсетеді. Өйткені форма – тәртіп пен заңның белгісі болса, ұлттық киім – халықтың жаны, тарихы мен болмысын айқындайтын құндылық.

Ерекше әсер қалдыратын көріністердің бірі – қызметкерлердің ат үстінде кең далада шауып келе жатқан сәті. Бұл бейнелер көрерменді өткен мен бүгін үндескен ерекше әлемге жетелейді. Мұндай бейнеролик – тек шығармашылық жұмыс қана емес, туған жерге, ұлттық мәдениет пен дәстүрге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі.

Наурызнама – адамдарды біріктіріп, жүректерге жылу, мақтаныш пен болашаққа деген сенім ұялатады. Осындай бастамалар арқылы полиция қызметкерлері қызметтің тек жауапкершілік емес, сонымен қатар рухани миссия екенін дәлелдейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру