Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәртіп сақшылары жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетуді жалғастыруда

Маңғыстау облысының полицейлері түрлі себептермен жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетуді жалғастыруда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2021 жылғы 5 қаңтарда патрульдік полиция ротасының қызметкерлері белгіленген маршрутты патрульдеу кезінде жол бойында тұрған ер адамды байқаған.

Жолда тұрған ер адамның көлігінің дөңгелегі жарылғаны анықталды. Аталған оқиға “Жетібай-Шетпе” тас жолының 130 шақырымында орын алған. Бұл жерде ұялы байланыс желісі болмағандықтан жүргізуші өзгелерге қоңырау шалып, көмек сұрай алмаған. Автокөлік бұзылып тұрып қалғалы бері, қасынан өткен бірде-бір көлік тоқтап, жөн сұраспаған. Жүргізуші қажетті құралдарды үйінде қалдырып кеткен және суықта екі сағат тұрып қалған.

Полиция қызметкерлерінің қызметтік автокөліктерінде әрдайым барлық жағдайларға арналған құралдардың толық жиынтығы, тіпті суға батқандарды құтқаруға арналған “Арсенал” да табылады.

Аталған жүргізушіге көмек көрсетілді, ол патрульдік полиция ротасының қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің жұмысында кездескен бірінші жағдай емес. Осыған ұқсас оқиға осы жақын арада ғана орын алған болатын.

“Лада” автокөлігінің жүргізушісі автокөліктің жарамдылығына көз жеткізбей жолға шығып, кейіннен ол ісіне өкініп қалған. Жарты жолда көлік тоқтап қалып, тас жолдағы өзге автокөлік иелері көмек сұраған жүргізушіге назар аудармастан өтіп кеткен.

Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері “Ақтау-Жетібай” автожолын патрульдеу кезінде жол жиегінде тұрған автокөлік жүргізушісін байқап, не болғанын және қандай көмек қажет екенін білу үшін жанына барып тоқтаған. Даланың аязы мен желі сағаттап бір орында тұрған адамды тоңдырмай қоймайды, оның үстіне ондай желдер қаладан гөрі айдалада, тас жолдарда қатты сезіледі.

Жүргізуші жағдайды түсіндіріп, бір сағаттан бері көлігінің оталмай тұрғанын және көлікте өзге де адамдардың барын, олардың да тоңғандығын жеткізді.

Көлік полиция қызметкерлерінің көмегімен жөнделіп, жүргізуші тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, әрі қарай жол жүруді жалғастырды.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру