Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ІІМ кеңесінің отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген делегация басшылары Түркістан облысы полициясының жұмысын көрді  

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері бастаған делегациялар Түркістан облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов қонақтарды азаматтардың құқықтық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау үшін полиция қызметкерлерінің жұмысында қолданылатын заманауи технологиялармен таныстырды.

Бүгінгі таңда ІІМ республика қалаларының көшелерін және қоғамдық орындарын бейнебақылау жүйесі арқылы қадағалайды. Жедел басқару орталықтарына және полицияның кезекші бөлімдеріне 217 мың бейнекамера қосылған. Жыл басынан бері олардың көмегімен 6,5 мың қылмыс ашылып, 3,5 млн жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды.

Сонымен қатар шетелдік әріптестерге мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар көрсетілді.

Елімізде қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері де бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Оларда жеке басты тану, тыйым салынған аймақтарға кіруді хабарлау және камера объективі жабылған кезде сигнал беру функциялары бар. Ондағы бейнелер ҚАЖК-нің ахуалдық орталығына, жедел басқару орталықтарына және прокуратура органдарына қолжетімді.

Сондай-ақ полицияға жол жүрісі қағидаларын бұзушыларды анықтауға көмектесетін “Қорғау” бағдарламасының ерекшеліктері, көлік ағынын талдайтын және оның көрсеткіштерін қалалық жол карталарына шығаратын “ITC” жүйесі туралы айтылды. Жол қозғалысы және көші-қон саласында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы туралы баяндалды.

Қонақтар смартжетондардың, 102 мобильді қосымшасының және қоғамдық орындарда орнатылған дабыл түймелерінің жұмысын бағалады.

Тәртіп сақшылары үшін цифрландыру арқылы қылмыстардың жолын кесу, анықтау және ашу кезіндегі жеделдік маңызды. “Бағдарламалық өнімдерді” пайдалану арқылы полиция қызметтерінің мүмкіндіктері кеңейеді.

Цифрландыру ішкі кадрлық процестерге де оң өзгеріс алып келді. Осының арқасында полиция қызметкерлері қағазбастылықтан арылып, тек өздерінің негізгі міндеттеріне көңіл бөледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру