Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түлкібаста есірткі сатқан ер адам ұсталды

Түркістан облысының полицейлері есірткі сақтап, ұрлықпен айналысқан күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының (ЕҚҚІҚБ) қызметкерлеріне жергілікті тұрғындардың бірінің есірткіні заңсыз өткізумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті.

Анықталғандай күдікті Түлкібас ауданы тұрғындарының біріне бес мың теңгеге марихуана сатқан. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 297-бабы (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша тіркеді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ЕҚҚІҚБ-ның полицейлері есірткі сату қылмысына күдікті ретінде Түлкібас ауданының тұрғынын қолға түсірді.

Сараптамаға сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 23 грамнан асатын “марихуана” болып шықты. Содан жедел уәкілдер ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізді. Нәтижесінде үйінің ішінен “синтетикалық есірткіні” тәркіледі. Бүгінгі таңда күдікті азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ тергеу барысында күдіктінің бұдан басқа ұрлық жайтына қатысы бар екені анықталды. Онда кешкі сағат 20:00 шамасында жәбірленушінің үйінің алдындағы көше бойында жатқан автокөлік дөңгелектерінің темір дискілерін және басқа да темір бұйымдарын ұрлап кеткен. Жәбірленуші әйелге келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Өз кезегінде полицейлер тұрғындарды сақ болуға шақырады. Бағалы заттарыңыз бен құнды бұйымдарыңызды ұры-қарының көзі түспейтін жерде сақтауға кеңес береді.

Сондай-ақ үй аулаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатыңыздар. Қандайда бір ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада “102” нөмірі арқылы полицейлерге хабар беріңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру