Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тұрғындардың қорасынан мал ұрлап жүрген екеу ұсталды

Түркістан облысының полицейлері қорадан мал ұрлау дерегіне күдіктілерді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-нің кезекші бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданған. Онда түнгі уақытта аулаларына белгісіз адамдар кіріп, қораларынан малдарын жымқырғаны көрсетілген. Жәбірленушілердің біреуінің айтуынша, оның қорасында тұрған әрқайсысының құны 150 мың теңге болатын екі бас бұзауы мен үш бас қойын ұрылар ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға 188-1-бап (Мал ұрлығы) бойынша тіркеп, күдіктілерді іздестіруге кірісті.

Тәртіп сақшылары тұрғындардың төрт түлігін қолды етіп жүрген ұрыларды ұстау мақсатында қажетті деп танылған іс-шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын аймақтарды түгел қарап шықты. Мал базарлары мен көліктер мұқият тексерілді. Осындай жан-жақты жұмыстардың нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы Созақ АПБ криминалдық полиция қызметкерлері екі күдіктінің ізіне түсті. Оларды тұрғылықты мекенжайы бойынша үш күн ішінде Шымкент қаласынан ұстады. Олар Шымкент қаласының және Созақ ауданының тұрғындары болып шықты. Біреуі бұрын сотты болған.

Тергеу амалдары барысында жігіттер алдын ала сөз байласып, өздерінің көліктерімен ұрлық жасағаны белгілі болды. Олардың Созақ ауданында қорадан мал ұрлау бойынша төрт жайтқа қатысы бар екені анықталды.

Күдіктілер көбіне ұрлықты түнгі уақытта адамдардың жоқтығын пайдаланып жасаған. Көбінесе қоралардың есіктерін ашып, болмаса қоршауларын бұзып, содан кейін арам ойларын іске асырған. Ұрланған қойдың біршамасын жарты бағасына сатып үлгерген. Полицейлер ұрланған малдың бір бөлігін күдіктінің үйіндегі жасырын қорадан тәркілеп алып, заңды иелеріне қайтарды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі миллион теңгеден асты.

Қазіргі уақытта аталған жайттар “Мал ұрлығы” бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқаны жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер сіз мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға, “102” нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру