Түркістан облысы полицейлері жергілікті тұрғыннан 1,5 келіден астам марихуананы тәркіледі
Түркістан облысы полицейлері жергілікті тұрғыннан 1,5 келіден астам марихуананы тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ғасыр дертіне айналған есірткі қылмысымен күресте ТО ПД-ның қызметкерлері аудандық, қалалық полиция бөліністерімен жыл басынан бері біршама жұмыстар атқарды.
Соның нәтижесінде 2021 жылдың тоғыз айында есірткіге қатысты 162 қылмыс пен 161 есірткі теріс қылықтары анықталды. Оның ішінде есірткі сату қылмысы 55, аса ірі көлемде есірткі затын сақтау 19, есірткі контрабандасы 25, есірткі затын насихаттау және заңсыз жарнамалау бойынша екі дерек анықталған. Заңсыз айналымнан 5,5 тоннаға жуық есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 22 грамнан астамы синтетикалық есірткі болып табылады.
Қылмыстың кез-келген түрімен күрестің ең тиімді тәсілі ол – алдын алу, яғни профилактика десек, Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері рейдтік-профилактикалық іс-шараларды қарқынды жүргізіп, күдіктілерді құрықтауда. Мәселен, ТО ПД ЕҚҚІҚБ-ға Арыс қаласында жергілікті тұрғынның бірі есірткі затын сақтап, тасымалдаумен айналысады деген хабарлама келіп түсті. Аталған жайт ҚК 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді.
«Қарасора-2021», «Рефлекс-2021» жедел-профилактикалық іс-шараларының нәтижесінде ЕҚҚІҚБ-ның полицейлері аталмыш есірткі сату қылмысына күдікті ретінде Арыс қаласының тұрғынын қолға түсірді. Ұсталған күдікті ер адамды тінту барысында, оның пакетіндегі қораптың ішінен үш дана және шалбарының қалтасынан бір дана полиэтилен пакетке салынған өзіне тән хош иісі бар есірткіге ұқсас затты тауып, тәркілеп алды. Сараптама тағайындалды.
Зерттеу қорытындысына сәйкес тәркіленіп алынған заттың салмағы 1,5 келіден астам «кептірілген марихуана» болып шықты. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары тұрғынның аталған есірткі затын не үшін сақтағандығын анықтау үстінде.
Түркістан облысы полицейлері есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, құрамында есірткі заты бар өсімдіктердің егістіктерін анықтау және жою, есірткілерді және басқа да тыйым салынған заттарды сақтаумен және өткізумен айналысатын адамдарды ұстау бағытында тұрақты қызмет атқаруда. Ендеше жоғарыда көрсетілген дерек соның айқын дәлелі болмақ.