Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында 3 мыңға жуық көлік айыптұраққа қойылды

“Қорғау – қауіпті жүргізуші” бағдарламасы арқылы Түркістан облысында 3 мыңға тарта көлік айыптұраққа қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оның салдарынан болатын апаттарға жол бермеу, адам өлімімен аяқталатын оқыс жайттарды болдырмау, жалпы жол қозғалысы ережесін бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында ҚР ІІМ М.Ахметжановтың тапсырмасымен “Қорғау – қауіпті жүргізуші” бағдарламасы іске қосылған болатын. Бүгінде аталған жоба Түркістан облысында өз нәтижесін беріп келеді.

Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері бағдарлама көмегімен ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі және 3-бөлігі (Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша 341 көлік жүргізушісін анықтады. Ал ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша 28 жол ережесін бұзу дерегін тіркеді. Айыптұраққа 2954 автокөлік қойылды.

Мәселен, тәртіп сақшылары “Қорғау” бағдарламасымен 13 миллион теңге берешегі бар Түркістан қаласы тұрғынының автокөлігін анықтады. Жедел қызмет еткен полицейлер республикалық маңызы бар трассалардың бірінен берешегі бар Toyota автокөлігін тоқтатты. Айта кетсек, бұл бағдарламада “Сергек” камералары, жедел басқару орталығы мен полиция қызметкерлерінің планшеттеріндегі мобильді қосымша біріктірілген. Осы арқылы тәртіп сақшысының планшетіне дабыл түсіп, дер кезінде құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар полиция қызметкерлері аталмыш мобильді қосымша көмегімен тексеруден өтпеген, айыппұлы төленбеген жақын маңдағы көліктерді және жол қозғалысы ережесін бұзудың басқа да жайттарын анықтай алады.

Полицейлер жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіретінін ескертеді. Ал “Қорғау” қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру