Түркістан облысында аккумулятор ұрлығының 12 жайтына қатысы бар күдіктілер ұсталды
Түркістан облысында аккумулятор ұрлығының 12 жайтына қатысы бар күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын белгісіз біреулер КамАЗ жүк көлігінің төрт аккумуляторы мен SDL жүк тиегіш көлігінің екі аккумуляторын ұрлап кеткендігі туралы арызданған. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 360 мың теңгені құрады.
Тәжірибелі полиция қызметкерлерінен құрылған жедел-тергеу тобы қылмысты ашуға бірден бағытталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, криминалдық полиция қызметкерлері күдікті ретінде Арыс қаласының төрт тұрғынынан құрылған қылмыстық топты ұстады.
Күдікті ер азаматтар Арыс және Ордабасы аудандарында орын алған аккумулятор ұрлығын жасаудың 12 жайтына қатысы бар екендіктері анықталды.
Белгілі болғандай, күдіктілер әр жасалған қылмысқа жоспар түзіп, сол бойынша дайындалған. Олар арнайы құрал-сайманның көмегімен әр ұрлықты мұқият жасап, кейін оларды Арыс қаласының тұрғынының біріне өткізген. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі – 1,5 млн теңгеге жуық.
Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің үшеуі қамауға алынды. Тәртіп сақшылары тергеу барысында күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.