Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бір күнде жоғалған бірнеше мал иелеріне қайтарылды

Түркістан облысында бір күнде жоғалған бірнеше мал иелеріне қайтарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, жайылымға жіберген сегіз жылқысы белгісіз жағдайда жоғалған. Яғни таңертеңгісін Ақсукент ауылының егістік алқабына шығарған жылқылары қалаға барып келгенінде жоқ болған. Полицейлер ақпарат алысымен бірден әрекет етіп, тұрғынның малдарын табуға кірісті. Оқиға орнын қарап, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.

Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жол талғамайтын екі көлікпен мұқият айналаны қарап шықты. Сондай-ақ егістік алқабының әрбір аймағын тыңғылықты тексерді. Нәтижесінде үш сағат ішінде 10 шақырым қашықтықта жайылып жүрген сегіз жылқы табылып, өз иесіне қайтарылды.

Тұрғын полицейлердің жедел әрекетіне тәнті болып, шынайы алғысын білдірді.

Мұндай жағдай Мақтаарал ауданында да орын алды. Нақтырақ айтсақ, Мақтаарал АПБ-ның “102” сымтетігіне жергілікті тұрғын арызданып, өз үйінің ауласында орналасқан мал қорасынан бір сиыры мен бұзауы белгісіз жағдайда шығып кетіп, жоғалғанын хабарлады.

Мақтааралдық учаскелік полиция инспекторлары аталған хабарлама бойынша тиісті жұмыстарды атқарды. Оқиға орнын мұқият қарап, шұғыл іздестіру шараларына кірісті. Нәтижесінде егістік алқаптан тұрғынның екі бас малы жайылып жүргенін анықтап, үй жануарларын иесіне табыстады.

Осы тұста мақтааралдық тұрғын жоғалған малдарын тауып беріп, аман-сау қайтарған полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

 Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу полицияға хабарласыңыздар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру