Түркістан облысында браконьерлерден 67 келі балық тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері Шардара су қоймасынан заңсыз балық аулаған екі браконьерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған кезекті браконьер ұсталды. Тексеру барысында анықталғандай, түнде жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде Шардара АПБ табиғат қорғау полициясының қызметкерлері мен су ресурстарын қорғау жөніндегі инспекторлар бірлесіп, жағалауда қайықтың көмегімен балық аулаған екі ер адамды анықтады.
Полиция қызметкерлері заңсыз балық аулаған жергілікті тұрғындардан резеңке қайық, балық аулау құралдарын және заңсыз ауланған 67 келі түрлі балық тәркіледі.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша тіркелді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.