Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында “Есірткісіз болашақ” айлығының ашылуы өтті

1987 жылы Біріккен Ұлттар ұйымының кезекті ассамблеясында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні деп бекітілді. Сол уақыттан бері қоғам дертіне айналған есірткімен күрес әлемде тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осыған орай Түркістан облысы жастарының нашақорлыққа, есірткі бизнесіне қарсы иммунитетін қалыптастыру бағытында “Жібек жолы” саябағында 1 айға жоспарланған іс-шаралардың ашылуы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ауқымды шараға Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов пен полиция қызметкерлері, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, адами-әлеуетті дамыту басқармасы, дене шынықтыру мен спорт басқармасының өкілдері мен жастар қатысты.

– Бүгін жылдағы дәстүрге сай есірткіге қарсы айлық іс-шараларымыздың ашылымын ұйымдастырып отырмыз. Жалпы, қылмыскерлерді құрықтап, есірткіні жою біздің күн тәртібімізде, назардан тыс қалмайды. Сол себепті есірткімен күресте жұмыла жұмыс атқарайық, – деді Қ.Сахов.

Осылайша “Есірткіге жол жоқ!” ұранымен ұйымдастырушылар сөз сөйлеп, өнерпаздар өнер көрсетті. Полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағы мен кинолог мамандары жауынгерлік дайындықтарын, кәсіби шеберліктерін көрсетер жаттығуларын жасап, жиналғандарға ерекше әсер сыйлады.


Еліміздің болашақ тұтқасы саналатын жасөспірімдер есірткіден бойларын аулақ ұстап, өз өмірлерін зиянды әдеттерден қорғап, болашақтарына балта шаппау аясында ұйымдастырылған шара Түркістан облысы полицейлері тарапынан үнемі өткізіліп отырады.

– Дені сау ұлтты қалыптастыру – баршамыздың қоғам алдындағы міндетіміз, – деді тиісті сала мамандары.


Маңызды шара қатысушы сала мамандарының шеруімен қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру