Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 25,5%-ға төмендеді

Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 25,5%-ға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі “Instagram” және “Facebook” ресми парақшаларында әр аптаның жұма күні тікелей эфир арқылы брифинг өткізіледі. Бұл аптадағы брифингте “Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу” тақырыбында өзекті мәселе айтылып, спикер ретінде Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше істер жөніндегі аға инспекторы Бегімхан Ахметов қатысты.

Жыл басынан бері ата-анасының бақылауынсыз жүрген 29 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар ӘҚБтК-нің 440-бабымен (Кәмелетке толмағанның алкоголь ішімдігін ішу немесе мас халде жүруі) 30 әкімшілік құқықбұзушылық, 442-бабы (Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған) бойынша – 124, 442-бабымен (Түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерлерде жүрген) – 4797 жасөспірім анықталса, құқық бұзушылыққа бейім 466 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 283 қолайсыз отбасы ішкі істер органының есебіне алынды.

Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына 214 іс-құжат жолданып, комиссия отырысында қаралды. Құқық бұзушылыққа бейім үш жасөспірім сот шешімімен Кентау қаласындағы арнайы мектепке жолданды. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде сегіз айда Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 25,5%, яғни, 106-дан 79-ға төмендеді.

Қойылған сұрақтардың барлығына ұтымды жауап берген полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов өз сөзінде:

– Жыл басынан мүдделі мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, үш кезеңде ағымдағы жылғы 27-29 қаңтар, 15-17 сәуір және 13-19 қыркүйек аралығында Түркістан облысы аумағында “Жасөспірім”, 20-22 сәуір және 17-20 маусым аралығында Түркістан облысы аумағында “Түнгі қаладағы балалар” және ағымдағы жылғы 12-14 мамыр, 23 тамыз 23 қыркүйек аралығында Түркістан облысы аумағында “Абайлаңыз, балалар!”, “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілді. Осыған байланысты, құрметті ата аналар! Сабақтан соң және түнгі уақытта балаларыңыздың көшеде жүрмеулерін қадағалап, мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын, спорттық және басқа да үйірмелерге қатысуын дұрыс ұйымдастырса деймін, осы кезде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар азаяды деп сенемін, – деп атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру