Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында көмек сұрап келген жігіттер тұрғынның телефонын ұрлап кеткен

Түркістан облысында көмек сұрап келген жігіттер тұрғынның телефонын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, үйіне белгісіз біреулер келіп, өздерінің көліктерінің бұзылып, жолда қалып қойғанын айтып көмек сұраған. Содан ол көшеде тұрған көлікке барып көлікті жөндеуге кіріседі. Жәбірленуші көлікті жөндеп болып үйіне кірген сәтінде үстел үстінде тұрған ұялы телефонының ұрланғанын байқап, бірден полицияға хабарласады. Жәбірленуші ер адамға келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрады.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды. 

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктілерді анықтау мақсатында ауданның тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстарына кірісіп кетті. Көрген-білген жандардан сұрастырып, жәбірленушінің жауабымен, басқа да сұрастыру әрекеттерінің арқасында кінәлілердің жеке басы анықталды. Олар Шымкент қаласының тұрғындары, яғни күдікті үш азамат болып шықты. 

Анықталғандай, бұл қылмысты күдіктілер алдын ала сөз байласып, жоспарлы түрде жасаған. Олар жолда қалып қойған жолаушылар секілді кейіп танытып, тұрғыннан көмек сұраған. Осы сәтте күдікті екі азамат жәбірленушіні алдаусыратып тұрғанда, үшінші сезікті жігіт үй ішіне жасырын кіріп, телефонды жымқырған. Одан әрі қарай күдіктілер олжалаған телефоннан жәбірленушінің жинақы қорындағы 1,2 млн теңгесін заңсыз пайдаланған. Осылайша оңай жолмен пайда тапқан сезіктілер ақшаның барлығын жеке бас қажеттілігіне жаратып жібергендерін айтты. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру