Түркістан облысында мектепке жұмысқа орналастырып беремін деп тұрғынды алдаған күдікті ұсталды
Төлеби ауданында мектепке мұғалім болып жұмыс істеуге орналастырамын деген желеумен алаяқтық жасаған күдікті ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, Төлеби АПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Оның айтуынша, алыс танысы мектепке мұғалім ретінде жұмысқа кіргізіп беретінін айтып, сендірген. Ол үшін жәбірленушіден өткен жылы 600 мың теңге қаражат алған. Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысты да, не өз ақшасын да ала алмаған ер азамат полицейлерге жүгінді.
Аталған жайтты төлебилік полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Төлеби АПБ-ның полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды анықтады.
Тексеру кезінде ұсталған ер азаматтың жұмыссыз екені белгілі болды. Яғни, күдікті жәбірленушіге жалған уәде беріп, алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде.