Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында өзгенің көлігін соғып, қашып кеткен жүргізуші анықталды

Түркістан облысында өзгенің көлігін соғып, қашып кеткен жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас аудандық полиция бөліміне жол апаты орын алғаны жайлы шұғыл хабарлама келіп түсті. Онда Daewoo Nexia көлік иесі өзінің соңынан бір бағытта келе жатқан белгісіз Toyota Alphard автокөлігі артқы бөлігінен соғып, онымен қоймай оқиға орнынан қашып кеткенін жеткізді. Полицейлермен анықталғандай, жол апаты таңғы сағат 06:50 шамасында Түлкібас ауданы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тас жолы бойында орын алған. Тәртіп сақшылары аталмыш жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын мұқият қарап, басқа да дәлелдемелерді жинақтады.

Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығына қосылған бейнекамералар арқылы тыңғылықты тексеру жұмыстары атқарылды. Соның нәтижесінде жәбірленушінің көлігін соғып кеткен жүргізушінің жеке басы, көлігі анықталды. Ол Түлкібас ауданының тұрғыны, жас жігіт болып шықты. Полицейлер кінәлі жүргізушіні полиция бөліміне жеткізді. 

Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) және 611-бабы 2-бөлігі (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) бойынша хаттама толтырылды. Жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Көлігін соғып, бой тасалаған жүргізушіні табуға ат салысып, жұмысты жедел жүргізген полицейлерге Daewoo Nexia көлігінің жүргізушісі алғыс айтты.

– Аяқ-асты көлігімді белгісіз біреу соғып, қашып кетті. Бірден полицейлерге хабар бердім. Олар бірнеше күн бойы іздеп, соңында кінәлі жүргізушіні анықтады. Осы жұмыстың басы-қасында болып, жүргізушіні анықтаған полиция қызметкері Әлімжан Қарақұловқа рақметімді айтамын. Алла разы болсын, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру