Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында өзгенің темір құбырларын ұрлап, сатқан күдікті ұсталды

Түркістан облысында “Учаске” іс-шарасы кезінде өзгенің темір құбырларын ұрлап, сатқан күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданады. Ер адам өз арызында, Атабай тас жолы бойында орналасқан бос жатқан жер телімдегі темір материалынан жасалған түрлі өлшемдегі трубаларын белгісіз біреу жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 мың теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлер жедел іске кірісті. Осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары Мамыр Мұсаханов пен Нұржан Маханов, көрген-білгендерден жауап алды. Полицейлер үзіліссіз барлық темір қабылдайтын орындарды қарап шықты. Мұқият жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті қараусыз жатқан темірлерді байқап жүріп, жеңіл жолмен пайда табуға бекінген. Содан арнайы көлік жалдап, темірлерді артып әкеткен. Ұрланған заттарды темір алатындарға 300 мың теңгеге өткізген. Бүгінде ұрланған темір құбырлар айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері өз мүліктеріңізге барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше аулаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатып, бос жер телімдеріңізде бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік шараларын іске асыратын болсаңыз, ұрылардың жолына тосқауыл қоясыздар. Егер, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру