Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейлер қиыршық тасты заңсыз өндірудің 20-дан астам жайтын анықтады

Түркістан облысында полицейлер қиыршық тасты заңсыз өндірудің 20-дан астам жайтын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғат қорғау полициясының қызметкерлері экологиялық қылмыстарды анықтау және жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың алдын алу барысында, 24 құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндірудің жолын кесті. Осы мақсатта облыстық департаментте арнайы мобильді топтар құрылып, өзендер мен су қоймаларының жанында, заңсыз өндіру мүмкін жерлерде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мысалы, Келес ауданында Қызыләскер ауылының маңында полиция қызметкерлері Келес өзенінен құм-қиыршық тас қоспасын таситын үш жүк көлігін тоқтатты. Оқиға орнында тәртіп сақшылары барлық қажетті шараларды жүргізді. “КамАЗ” маркалы жүк көліктері айыптұраққа қойылды. 

Мұндай жайттың бірі Шардара ауданында да тіркелді. Бұл жерде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері белгісіз тұлғалардың Ақалтын ауылының маңында қиыршық тас өндіретінін анықтады. Оқиға орнына Шардара АПБ жедел-тергеу тобы келді. Браконьерлерден 1 тиегіш пен 4 жүк көлігі тәркіленіп, айыптұраққа жөнелтілді.
Аталған жайттар СДТТБТ-ға тіркеліп, ҚР ҚК-нің 181-бабының 5-бөлігіне сәйкес тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Түркістан облысы бойынша экология департаментіне жолданды. Жалпы, жедел алдын алу іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері 15 жүк тиегіш пен 30-дан астам жүк көлігін айыптұраққа қойған.

Түркістан облысының полицейлері аталған жедел-профилактикалық іс-шаралардың әлі де жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады және табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көрілетінін еске салады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру