Түркістан облысында полицейлер жасыл алаңда бақ сынады
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері арасында шағын футбол жарысы ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық шараның басты мақсаты – жеке құрам арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұжымдық бірлікті нығайту және қызметкерлердің дене даярлығын арттыру.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, мұндай спорттық сайыстардың қызметкерлер арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және кәсіби даярлықты жетілдіруге ықпал ететінін жеткізді.
– Полиция қызметкерлері үшін жоғары дене дайындығы, төзімділік, тәртіп пен жауапкершілік – күнделікті қызметтің ажырамас бөлігі. Сондықтан мұндай спорттық жарыстар ұжымдық ұйымшылдықты арттырып, кәсіби шеберлікті шыңдауға өз үлесін қосады. Барша қатысушыларға жоғары нәтиже және жеңіске деген жігер тілеймін!, – деп атап өтті Ғалымжан Қуашбаев.
Жасыл алаңдағы тартысты ойын нәтижесінде І орынды Кентау қалалық полиция бөлімі, ІІ орынды Түркістан облысы полиция департаментінің аппараты, ІІІ орынды Ардагерлер командасы иеленді.
Жеңімпаз командалар Түркістан облысы полиция департаменті бастығының грамотасы мен бағалы сыйлықтарына ие болды.
Спорттық дода полицейлердің ұйымшылдығын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін айқындап, кәсіби мереке қарсаңындағы жарқын әрі есте қаларлық шаралардың біріне айналды.
