Түркістан облысында түлектер қауіпсіздігі басты назарда
Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялар орталығында "Соңғы қоңырау" іс-шаралары кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған брифинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Брифингке қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Алихан Алентаев қатысып, БАҚ өкілдеріне облыс аумағында мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.
Алихан Алентаевтың айтуынша, "Соңғы қоңырау" салтанатты іс-шараларына байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2 мыңға жуық полиция қызметкері мен 400-ге жуық қызметтік автокөлік жұмылдырылған.
Сонымен қатар мектеп бітірушілер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заңсыз автокортеждер ұйымдастыруға және жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатаң түрде жол бермеу бойынша профилактикалық шаралар күшейтілді.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруі, жасөспірімдердің мопед пен автокөлік басқаруы, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілетіні атап өтілді.
