Түркістан облысында туысының үйіне ұрлыққа түскен күдікті құрықталды
Түркістан облысы Түлкібас ауданының полиция қызметкерлері пәтер ұрлығын әшкереледі, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің жақын туысы болып шықты. Оқиға болған күні күдікті ер адам туысымен бірге қонақта бірге болған. Ол осы сәтті пайдаланып, жұмыстарым бар деп жиыннан ерте шығып кетіп, үйге ұрлыққа түскен.
Күдікті қоршаудан секіріп өтіп, үйге терезе арқылы кірген. Содан жатын бөлмеден құны 2 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды жымқырып, ұрлығын жасыру мақсатында басқосқан үйге қайта барған.
Ертесіне алтындарды ломбардқа 800 мың теңгеге өткізіп жіберген. Тәртіп сақшылары қолды еткен заттарды тәркілеп алып, иесіне қайтарды.
Қазіргі таңда ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.