Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер үйіне оралмаған студент қызды Шымкенттен тапты

Түркістан облысында жедел уәкіл жоғалған жандарды тауып, отбасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел уәкіл Тимур Саитов талай отбасын қуантып, жоғалған жақындарын тауып берді.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына Түлкібас ауданының тұрғыны арызданды.

Әйелдің айтуынша, оның Сайрам ауданындағы колледждердің бірінде оқитын 17 жастағы қызы, жұма күні сабаққа кеткеннен қайта үйіне оралмаған. Мүлдем байланысқа да шықпаған. Сенбі, жексенді күндері туыстары іздегенімен жасөспірімді таппайды. Содан дүйсенбі күні полицейлерден көмек сұрайды.

Ақпарат алысымен сайрамдық тәжірибелі сақшылардан жедел тергеу тобы құрылды. Полицейлер жасөспірім қыздың таныстары, дос-құрбыларынан жауап алды, жан-жақты сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Бір аптаға созылған іздестіру шаралары нәтижесінде жедел уәкіл қыздың ізіне түсті. Жасөспірімді Шымкент қаласындағы саябақтардың бірінен тауып, отбасына аман-есен жеткізді.

Анықталғандай, қыз бұдан алдын да бірнеше рет үйінен кетіп қалып, полицейлердің көмегімен табылған. Бұл жолы құрбыларымен сөзге келген 17 жастағы қыз Шымкент қаласына бет алған. Сондағы таныстарының үйіне қонып жүрген.

Отбасымен дін аман қауышқан қызбен психологтар түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Оған қоса оның ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар жасөспірім ұл-қызы болмаса кішкентай балалары жоғалған жандардан бөлек, ересек туыстарын жоғалтып, полициядан жәрдем сұрайтындар да бар. Мәселен, Сайрам АПБ-ға жас әйел арызданып, жұмысқа кеткен күйеуі келмегенін айтқан. Тез арада іздестіруге кіріскен тәртіп сақшылары, жігітті Шымкент қаласынан тауып, үйіне қайтарды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру