Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыс тіркелді

Түркістан облысында “Уылдырық” іс-шарасы кезінде 9 заңсыз балық аулау қылмысы мен 200-ге тарта әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық уылдырық шашатын кезеңге сәйкес, браконьерліктің жолын кесу мақсатында “Уылдырық” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталған іс-шара балық және балық өнімдерін заңсыз аулау, тасымалдау, сатып алу немесе өткізуге қатысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды анықтау мен алдын алуға бағытталған. 2 ай бойы жүргізілген іс-шараның қорытындысымен облыс көлемінде заңсыз балық аулау бойынша 9 қылмыс тіркелген.

Мысал келтірсек, Шардара АПБ-ның табиғатты қорғау полиция тобының инспекторлары және Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары бірлескен рейдтік іс-шара жүргізді. Нәтижесінде, кешкі сағат 18:40 шамасында Шардара су қоймасының №3 учаскесінде Прогресс қайығымен, қолдануға заңмен тыйым салынған құрал, яғни Қытай ау-торын пайдаланып, заңсыз балық аулап жүрген Шардара қаласының екі тұрғыны анықталып, ұсталды. Тұрғындардан айғақты зат ретінде 600 метрден астам Қытай ау-торы, бір қайық, бір қайық моторы және 161 келіден астам заңсыз ауланған балық алынды. Аталған жайт Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді. Жинақталған іс құжаттары қорытындысымен сотқа жолданды.

Одан бөлек, балық аулау ережесін бұзу бойынша 182 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, оның 163-іне ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен (Балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) айыппұл салынды. Ал заңмен тыйым салынған балық аулау құралдарын қолдану бойынша 19 дерек тіркелді.

Браконьерлерден айғақты зат ретінде төрт электр токкөбейткіш, сегіз қайық, екі Ямаха-40 қайық моторы, 9 шанышқы, 11 жарық беру құралы, заңсыз ауланған 900 келіден астам балық және моно талшықтан жасалған 1500 метрден астам Қытай ау-торы алынды.

“Уылдырық” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында облыс аумағындағы жергілікті тұрғындар арасында табиғатты қорғау заңнамаларын бұзбау, бұзған жағдайда жауапкершіліктері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру