Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жоғалған 15 жастағы бала бақшада жасырынған

Түркістан облысында жоғалған 15 жастағы бала бақшада жасырынған, – деп хабарлайды Polisia.kz

Төлеби аудандық полиция бөліміне 5 қыркүйекте сағат 16:25 шамасында Тасарық ауылының тұрғыны көмек сұрап хабарласқан. Жас қыздың айтуынша, оның ағасының 15 жастағы ұлы бір күн алдын үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Осы хабарлама негізінде полиция бөлімнің ювеналды полиция тобының қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы бірден аталған мекенжайға жетті. Тәртіп сақшылары баланың көршілері мен сыныптастарынан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.

Тасарық, Оңтүстік, Ханарық, Қасқасу, Майбұлақ, Керегетас, Көксәйек ауылдарында полицейлерден бөлек, ауыл әкімдігі бастамасымен жергілікті тұрғындардан құрылған 40 адамнан тұратын еріктілер қосылып, іздестірді. Осылайша бірнеше сағатқа созылған іздестіру нәтижесінде жасөспірімнің жүрген жері анықталды.

Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері Мұрат Камалов пен Абай Кубеев және Самат Амиров пен еріктілердің үздіксіз іздестіруі оң нәтижеге жеткізді. Яғни, жоғалған жасөспірім тұрғылықты үй жайынан 3 шақырым қашықтықтан, туыс ағасының үлкен бауында шөптер арасында жасырынып отырғаны анықталды. Жасөспірім заңды өкілдеріне аман-есен тапсырылды.

Жасөспірімнің әжесі қуаныштан еріксіз көзіне жас алды.

– Төлеби аудандық полиция бөлімі қызметкерлеріне және де іздестіруге қатысқан барша тұрғындарға алғысымды айтамын! Әсіресе полиция қызметкерлерінің жұмысына риза болдым. Өзіміз іздеп табамыз деп ойлаған едік. Содан болмағасын полициядан жәрдем сұрадық. Міне, немерем қасымда. Баршаңызға Алла разы болсын, – деп ризашылығын білдірді. жасөспірімнің әжесі.

Анықталғандай, жасөспірімнің ата-анасы ажырасқан, сондықтан ол әжесімен бірге тұрады. Жоғалар күні жасөспірім мен отбасы арасында түсінбеушілік орын алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру